Статья: Нәзік жандылар ісіне жол ашқан қауымдастық. Источник: газета Егемен Қазақстан, от 12.11.2015
– Раушан Біргебайқызы, сіз Іскер әйелдер қауымдастығын 20 жыл басқарып келесіз. Осы уақыт аралығында елімізде көптеген өзгерістер болды. Әйелдердің басын косып, ортақ мүддеге жұмылдырған қоғамдық бірлестік қалай құрылды әңгімемізді содан бастасақ.
– Иә, расымен де, осы уақыт аралығында көп өзгеріс болды. Елімізді әлем танитын жағдайға жеттік. Қазақстанға қарап кей мемлекеттер бой түзейді, біздің тәжірибемізге сүйенеді. Бұл мақтанарлық жайт. Еліміздің қол жеткізген табыстарына Іскер әйелдер қауымдастығы да үлес қосты деп нақты айта аламын. 90-жылдардың басы халық үшін ауыр кезең болды. Осы уақытта маған маңызды қадам жасауға тура келді. Жаңа өмірде өз орнымды тауып, нақты бір істі қолға алу таңдауы тұрды. Болмаса, ел еңсесінің тіктелгенін, экономиканың тұрақталғанын күтуім қажет еді. Ақырында мен тәуекелге бел буып бизнес әлеміне жол тарттым. Алайда, бастаған ісім табысты да жемісті болғанымен көңілім тоқ емес еді. Сол мезетте бар күш-жігерімді, тәжірибемді үкіметтік емес ұйым құруға сарп ете алатынымды түсіндім. Нәтижесінде Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығы дүниеге келді. Бұл еліміздегі бірегей жоба болды. Оған өз қамын емес, өзгенің күйін күйіттейтін, елінің тағдырына алаңдайтын, бір-біріне көмек қолын соза алатын нәзік жандылар енді. ҚІӘҚ ең алдымен қолдау мен тірек бола алатын курстарды ұйымдастырды. Онда әйелдер қауымы психологиялық оңалтудан өтіп, бизнес-маркетинг деген ұғымдармен жете танысып, өз ісін ашуға мүмкіндік алды. Сол кезеңдерде Алматыдағы кеңсемізге күнделікті 50-60 адам келетін. Олардың еңбекпен қамтылуына да баса назар аудардық. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін арнайы қайырымдылық шараларын өткіздік. Бастамамызға жан бітірген ниеттес азаматтар да табылды. Сөйтіп, республиканың облыс орталықтарында филиалдарымыз өз жұмысын бастаған болатын.
– Сіздер 20 жылдың ішінде қоғамда ойып тұрып орын алдыңыздар. Іскер әйелдер қауымдастығы осы уақыт аралығында кіммен әріптестік қатынас орнатып келеді?
– ҚІӘҚ Үкіметпен, Президент жанындағы Әйелдері ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен белсенді байланыс орнатқан. Өзге де бизнес құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдар қолдау білдіруде. Нәтижесіз емес. Мәселен, «Шеврон» компаниясының қолдауының арқасында қауымдастығымыз жұмыссыз жүрген жандардың біліктілігін арттыру мен оқыту және қайта даярлық курсынан өткізу жобасын жүзеге асырды. 2014-2015 жылдары «Әлеуметтік-еңбек саласындағы әйелдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу» жобасын қолға алдық. Нәтижесінде қыз-келіншектер, әсіресе, ауылдық жерлердегі азаматшаларымыз үкіметтік бағдарламалар жөнінде білім көкжиектерін кеңейтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде елді мекенде тұратын 150 азаматша өз ісін жолға қойды. Қолға алынған бірегей жобалардың қатары жыл санап арта берді. Солардың бірі – 6969 телефон нөмірі арқылы, тегін «кеңес беру желісі» халыққа жол тартты. Осы жобаның аясында жұмыспен қамту, бизнес ашу, зейнетақымен қамтамасыз ету, болашақ аналардың құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Еліміздің әр түкпіріндегі 70 мыңға жуық әйел кәсіби-құқықтық кеңес алды. Сонымен бірге, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірге тұрақты негізде жас кәсіпкерлерге оқыту курстары құрылды. 52 мыңнан астам қыз-келіншек бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысты. Олар жеңілдікпен несие алып, бизнес ашты. Бүгінгі күні «Даму» қоры жалпы құны 12 млрд. теңге болатын, әйелдердің бастамасымен өмірге келген 1,5 мыңға жуық жобаға қолдау білдірді. Ал ол өз кезегінде 10 000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуға мұрындық болды. Бұл атқарылған істердің шағын бөлшегі ғана десек болады.
– Нәзік жандарды жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударып қана қоймай, Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығы көптеген Халықаралық форумдарға белсене қатысып жүр. Мұндай жиындар қаншалықты маңызды?
– ҚІӘҚ имиджі қалыптасқалы халықаралық қоғамдық ұйымдардың арасында оның беделі де беки түсті. 1995 жылдан бастап біздің қауымдастық көптеген жоғары деңгейдегі форумдар, конференция мен саммиттерге қатысты. Мәселен біз Ұлыбритания, Германия, Түркия, Малайзия сынды мемлекеттерге барып өз идеяларымызды ортаға салдық. Осы ретте айта кетейін, 2000 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ арнайы сессиясына қатыстым. Жиын барысында «21 ғасырдағы даму мен бейбітшілік және әйел мен ер азаматтардың теңдігі» мәселесі қозғалған еді. Алқалы басқосуға 1250 үкіметтік емес ұйымнан 3000-ға тарта өкіл қатысты. Сессия соңында әйелдердің осы қоғамда алатын орнының зор екені және келелі мәселелерді шеше алатындығы мойындалған болатын. 20 жыл ішінде ҚІӘҚ 34 халықаралық ұйыммен және қазақстандық компаниялармен тығыз байланыс орнатты. Жақын арада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен Жапонияда өткен «WAW! Tokyo 2015» әйелдерге арналған II әлемдік конференцияға қатысып, Санкт-Петрбургте болған Еуразиялық әйелдер форумына барып келдік. Осындай айтары мен берері мол жиындарға қатыса отырып, біз Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бастап нәзік жандылардың қоғамдағы беделі мен рөлін арттыру бағытында игі істер атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігін паш етуге тырысамыз.
– Қауымдастық отбасылық құндылықтарды дәріптеу мәселесіне де басымдық береді. Осы бағытта қолға алынған қай жобаларды мақтан тұтасыз?
– Біз отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ана мен баланың әлеуметтік, медициналық тұрғыдан қорғалуы, жастарға заңдық-құқықтық кеңес беру сынды істермен терең айналысамыз. 1999 жылдан бастап Ұлттық комиссиямен «Қанатты әйел» идея және тауарлар көрмесін ұйымдастырып келеміз. 2001 жылдан бері «Жедел желі – Қызыл алма» жобасы жүзеге асып келеді. Осы орайда мыңдаған жан отбасын құру, бала сүю сынды өзін толғандырып жүрген сауалдарына тұшымды жауап алды. Бұл жоба әлі де жалғасуда. 2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – «Ана мен баланың» 20 саябағы» жобасы жүзеге асты. Шара аясында қауымдастық филиалдары бар облыстарда саябақтар ашылып, перинаталды орталықтар төңірегі абаттандырылды. Мұндағы негізгі мақсат – қазақстандық отбасылардың бекемденуіне жағдай жасап, қазақ халқының үздік отбасылық салт-дәстүрлерін жаңғырту болатын.
– Әйелдер кәсіпкерлігі тақырыбына оралатын болсақ, отандық экономиканың дамып қарыштауына Қазақстан әйелдері қаншалықты үлес қосуда деп ойлайсыз?
– Егер Тәуелсіздік жылдарының алғашы кезеңінде кәсіпкер-әйел түсінігі болмаса, бүгіндері бәрі керісінше. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлік саласындағы әрбір екінші бизнестің тұтқасы нәзік жандылардың қолында. Елімізде миллионға жуық шағын және орта бизнестің 41,5 пайызын әйелдер басқарып отыр. Қазақстанда 700 мыңға жуық әйел-жетекші бизнесін дөңгелетіп қана қоймай, отандық экономиканың қарыштап дамуына атсалысып жатыр деуге болады. Соның арқасында 2014 жылы 800 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Бір Астананың өзінде ғана 53 мыңға жуық нәзік жанды кәсіпкер бар. Қазақстан Іскер әйелдері қауымдастығы кәсіпкерлердің құқығын қорғау, осы саладағы білім мен біліктілікті арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Осы түйткілді мәселелерді шешу арқылы, әйелдер кәсіпкерлігін дамытып қана қоймай, экономикамызды да сара жолға салуға болады. Яғни қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі артып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Нәзік жандылар қолға алған бизнес әлемдік экономика тығырыққа тірелген уақытта, ел экономикасының өсімін арттыруға сеп болатынына сенімдімін.
Әңгімелескен
Гауһар МҰҚАТАЕВА