Статья: «Еркектерді аласартпай, әйелдерді көтерейік!», источник: газета "Айқын"
Раушан СӘРСЕМБАЕВА, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы
– Раушан Біргебайқызы, ақпан айында теңге бірден 20 пайызға құнсызданды. Ел экономикасындағы бұл өзгеріс отандық орта және шағын бизнес өкілдеріне қалай әсер етті, шағын бизнестің ұтқан тұсы бар ма?
– Ұлттық валютаның бір демде 20 пайызға құнсыздануы жағдайы онсызда мәз емес орта және шағын бизнес өкілдеріне оңай тиіп отырған жоқ. Өйткені бизнесті жүргізуге кететін шығын сәйкесінше 20 пайызға өсіп шыға келді. Олардың шетел валютасында алған несиесі болса, бұл жағдайды тіптеп тереңдетіп жібереді. Осы орайда Елбасы теңгенің құнсыздануынан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін қаржылай көмек берілетіндігін айтқаны көңіл қуантады. Қиын кезеңде мемлекеттің орта және шағын бизнесті осылайша қолдауы, олардың бұл жағдайдан еш шығынсыз шығуына көмектеседі деген үміттемін.
– Осы орайда Үкімет азық-түлік тауарларына бағаны көтермеу туралы тапсыма берсе де, азық-түлік бірден 10-20 пайызға қымбаттап кетті. Дәл осы кезде сауда-саттықпен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бағаны бірден көтеруіне негіз бар ма еді?
– Әрине, ешқандай негіз жоқ. Алайда адамдар осы сәтті пайдаланып, пайда тауып қалуды ойлады. Тек шетелден тасылатын тауарларға бағаны өсірсе, түсінер едік. Ал отандық тауарлардың құны бұрынғы деңгейінде қалуы қажет еді. Алайда азық-түлік пен өндірістік тауарлардың 20 пайызға қымбаттағанын көріп отырмыз. Кейбір аймақтарда бағаны бақылау мен тұрақтандыру үшін арнайы комиссия құрылды. Шындап келгенде олардың қолынан келер қайран жоқ, қалыптасқан жағдайда ешқандай көмек бере алмайды. Өйткені әрбір девальвациядан кейін міндетті түрде баға көтеріледі.
– Орта және шағын бизнесті қолдау туралы Елбасы да көп айтады, бірақ біз бүгінде кәсіпкерлік пен алыпсатарлықпен шатастырып алған жоқпыз ба?
– Шатастырған жоқпыз, әрине. Бірақ қазіргі кезде өндірісті жолға қойғысы келетіндердің алдынан үлкен кедергілер шығады. Өндіріс – тәуекелі үлкен іс. Жеке ісіңді ашқан кезде өз қаражатыңды салып, уақытыңды жұмсайсың, алайда тақырға отырып қалмайтыныңа ешқандай да кепілдік жоқ. Бұндай тәуекелге екінің бірі бара бермейді. Өндірісті дамыту үшін арнайы жағдай жасалып, мемлекеттің тарапынан қолдау қажет. Қазіргі кезде жеке кәсіпті қызмет көрсету саласы мен сауда-саттықта бастау жеңіл. Өйткені бұл салаларда аз да болса, кәсіп ашып, істі жылжытуға мүмкіндік бар. Соңғы статистикаға сүйенсек, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген әйелдердің 60 пайызы қызмет көрсету мен сауда-саттық саласында жұмыс істейді.
– Қазіргі кезде өз ісіңді ашып, бастап кету қаншалықты қиын, әсіресе әйел адамға?
– Жаңа істі бастау – әркез қиын. Өйткені жеке кәсіпті қолға алған адамның алдынан біраз кедергі шығады. Мәселен қаржылық қиындықтар. Алғашқы капиталдың болмауы, банк беретін несиенің пайыздық үстемақысының жоғары болуы, кеңселік және өндірістік ғимараттың жетіспеушілігі қиындық туғызады. Сонымен қатар, елде орта және шағын бизнесті қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы тұщымды ақпараттың болмауы, болған күннің өзінде оның жай адамның түсіне қоюы қиын тілде жазылуы – кәсіпкерді ақпараттық тұрғыда шектейді. Сала бойынша жетік білімнің болмауы да кәсіпкерліктің дамуына кедергі.
Кәсіпкерлердің тек сауда-саттықты жағалайтын бағы бір себебі – Қазақстанда отандық өнім өндірушінің тауарын сату мен тарату саласы дамымаған. Оған бизнеске маза бермейтін 50-ден аса тексеруші мекемені қосып қойыңыз. Әрқайсысы кезек-кезек келіп тексерген кезде, кәсіпкердің не жаны қалады?
Тағы бір айта кететін мәселе, кәсіпкерлікті қолдау туралы көп сөз болғанымен, нақты іске көше алмай жатырмыз. Өйткені мемлекеттік атқарушы мекемелер мен кәсіпкерлікті қолдау қорларының жаңа бастап жатқан кәсіпкерлермен ынтымақтастықта, тізе қоса жұмыс істейтін нақты жүйесі жоқ.
Жоғарыда аталған кедергілердің ішінде банк несиесіне қолжетімділік өте өзекті, бас ауыртар мәселе болып тұр. Қазіргі кезде бизнеске берілетін несиенің пайыздық үстемақсы өте жоғары – 14 пайызды құрайды. Бұған жасырын комиссияларды қосып қойыңыз. Салық төлеу мен есеп тапсыруда, басқа да бағытта түрлі әкімшілік кедергілерге кездеседі.
– Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы жұмыссыз әйелдерді оқыту, жұмысқа орналастыру бағытында түрлі жобаларды жүзеге асырды. Нәтижесі қалай болды? Осы бағытта жұмыс жалғасын таба ма?
– Іскер әйелдер қауымдастығы құрылғалы бері өз қызметінің аясында «Әйел және бизнес», «Әйел және жұмыспен қамту», «Әйел және саясат» бағытында түрлі әлеуметтік жобаларды қолға алып келеді. «Әйел және жұмыспен қамту» бағыты бойынша жұмыссыз әйелдерді оқыту мен қайта даярлау жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба тұрмысы төмен отбасылардың отаналарын нарықта сұранысқа ие мамандыққа баулып, қолдауға бағытталған еді.
Жоба алғаш рет 2009 жылы қолға алынған. 2013 жылға дейін жалпы саны 2500 әйел қайта даярлықтан өтіп, олардың 70 пайызы жұмысқа орналасты. Ал 10 пайызы өз ісін ашты. Жоба аясында «бухгалтер», «офис-менеджер», «аспаз-кондитер», «бала тәрбиешісі», «шаштараз», «тігінші», «маникюр шебері» сынды мамандықтар оқытылды.
Ал «Әйел және бизнес» бағыты бойынша 2012 жылы әйелдерді кәсіпкерлікке баулу жобасы бастау алды. Бұл жобаның мақсаты – кәсіпкерлікке баулу ғана емес, әйелдер кәсібінің түйткілді мәселелерін анықтап, дамыту жолдарын табу болды. Нәтижесінде курсқа қатысқан 200 адамның 70 пайызы өз ісін бастап кетті. Яғни, бұндай жобалардың берері мол.
– Ал бүгінде іскер әйелдер қауымдастығының құрамында қанша кәсіпкер бар? Орта және шағын бизнестің қанша пайызын әйелдер жүргізіп отыр?
– Қауымдастықтың қатарында жарна төлейтін 1000-нан астам адам бар және 5000 адам ассоциация қызметін пайдаланады. Республиканың барлық аймағында өз өкілдігіміз бар. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда жеке кәсіппен айналысатындардың 60 пайызын әйел құрайды.
– Өз ісіңді бастау үшін шамамен қанша қаражат қажет, несие алмай істі ілгері бастыруға бола ма?
– Нақты бір соманы айтуы қиын. Әр сала үшін оның көлемі әрқалай. Жаңа бастап жатқан кәсіпкер несие алмай, ісінің ілгері жылжуы мүмкін емес. Өйткені елдің бәрі бизнеске қажетті алғашқы капиталды өздігінен жинай алмайды. Біреу-міреуге өз жақындары көмек қолын созуы мүмкін, бірақ елдің бәрінде ондай мүмкіндік жоқ қой. Әсіресе жалғызбасты аналарға, көп балалы отбасыларға, жасы келген әйелдерге қиын. Қауымдастық 2012 жылы арнайы зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдердің үштен бірі өз ісін бастауға қажетті қаражатты банктен несие ретінде алған. Сонымен қатар, өз ісін бастағысы келіп жүргендердің 65,9 пайызы жаңа іс бастау үшін несие алатынын айтқан. Олардың басым бөлігі банктерге барса, қалғаны шағын қаржы ұйымдарының қызметіне жүгінеді.
– Сіз өз ісіңізді неден бастадыңыз? Қандай қиындықтарға тап болдыңыз, қалай жеңдіңіз? Сіздің табысты болуыңыздың құпиясы неде?
– Барлығы да өмір сүру үшін күрестен басталды. Алып-ұшқан арман-қиялдан, қандайда бір идеядан емес, басымыздан өткен қиын-қыстау 90-жылдардағы жетіспеушіліктен, жоқшылықтан бастау алды. Азық-түлік жоқ, киім-кешек тапшы. Мен өз ісімнің бастауын «Шұлық операциясы» деп атауыма да болады. Сол тапшылық кезіңде балаларды киім-кешекті тігіп, тоқып беріп, немесе үлкенікін кішісіне беріп киіндіретін едік. Алайда шұлық-носкилерді не тіге, не тоқи алмайтынсың. Содан бір күні белгілі бір университетте оқытушылық қызметте жүрген құрбым екеуміз Польшаға баруды ойластырдық. Жоспарымыз – біздегі барды ол жақта сатып, балаларға киім-кешек алып келу. Осылайша, өз ісімізді алып-сатудан бастадық. Десе де, біздің алғашқы қаржымыз батылдығымыз бен тапқырлығымыздың арқасында ғана емес, адамдық аяушылықтың арқасында ғана келген еді.
– Қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі қандай, билікке, бизнеске ұмтылып жүріп отбасылық құндылықтарды ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?
– Әрбір әйелдің өз өмірінде дүниеге бала әкелу, ұрпақ тәрбиелеу, нәзік те биязы болу, айналасындағыларға жылылық сыйлау секілді ерекше қасиеттерді сақтап қалуы өте маңызды. Бұл ер азаматтарға бұйырмаған бақыт. Естеріңізде болсын: бізді ер-азаматтардан ерекшелейтін қасиеттер мықты ете түседі, былайша айтқанда, біздің қуатымыз – әлсіздігімізде. Тек бір-бірімізге ұқсамайтындығымыздан, өзіндік ерекшелігіміздің арқасында ғана бір-бірімізге қызықтымыз. Егер әйел заты өзін ер азамат секілді өктем ұстап, дөрекілікке жол беретін болса, қасындағы адамдардың барлығын қашырып жібереді.
Әйелдер ең алдымен жолдасының жары, балаларының анасы, одан кейін ғана кәсіпкер, іскер әйел, саясаткер екендерін ұмытпаулары керек. Сонда ғана отбасында береке болады. Әрине, барлығына бірдей уақыт жете бермейді, сол себепті де біз іскерлімізді танытып, уақытымызды нақты жоспарлап, мақсат қойып, жетістікке жетіп, пайда келтіре білуіміз қажет.
– Ал қазіргі заманда іскер, табысты әйел болу қаншалықты қиын?
– Айта кетейін, іскер әйел, ең алдымен ол – табысты әйел. Жұмыс уақытын дұрыс жоспарлайтын, өмірде не қалайтынын, өз алдына қойған мақсатын анық білетін жан. Тағы да айтар едім, іскер әйел – соңғы нәтижені өз пайдасы үшін ғана емес, ұжымның пайдасы үшін де бағыттайтын адам. Қандай да бір кәсіпті, өндіріс орнын аша отырып, бизнес-жоспар бойынша табыс табуды ғана емес, тұтынушыға да қандай пайда келтіретінін ойлауы керек. Іскер де табысты болу оңай емес. Оған күнделікті еңбек пен өзін-өзі кемелдендірудің арқасында қол жеткізуге болады. Осы мақсатта әйелдер үшін тайм-менеджмент, тұлғалық қалыптасу, коучинг бойынша көптеген іскерлік-сағаттар мен тренингдер өткізіледі. Іскер жандар соларға уақыт тауып қатысып отырса, еш ұтылмайды.
– Осы орайда белгілі бір салада жетістікке жеткен әйелдерді марапаттайтын «Ажар» ұлттық сыйлығы туралы айта отырсаңыз...
– 2011 жылдан бастап біз еліміздің лайықты деген әйелдерін 10 номинация бойынша марапаттап келеміз. Байқау 4 жылда 1 рет өткізіледі. «Ажар» сыйлығы соңғы рет Әйелдердің Еуразиялық ІІІ Саммитінде 2012 жылы табыс етілді. Келесі табыстау 2015 жылы әйелдердің Еуразиялық IV Саммитінде және Қауымдастықтың 20 жылдығына орай өткізіледі.
– Сіз «Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссияның» мүшесісіз. Қазіргі кезде «гендерлік саясат» дегенде тек әйелдердің құқығы қорғалып, ер-азаматтардікі шет қалып жатқан жоқ па?
– Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтың «Тауды аласартпай, даланы биіктетеміз» деген жақсы сөзі бар. Гендерлік саясатқа қатысты соны өзгертіп, «еркектерді аласартпай, әйелдерді көтереміз» деп айтуға болады.
Адамзат қоғамының тұрақты дамуы үшін ердің де, әйелдің де барлық жерде бірге, бір деңгейде болғаны қажет. Бір жыныстың екіншісіне үстемдік құруы қоғамға пайда келтірмейді. Гендерлік саясатта мынандай алтын қағида бар: бір жыныстың екіншісіне қиғаш келуі қоғам дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан да қоғамдың кез-келген бөлігінде, әртүрлі саласында гендерлік өкілдікті сақтау – өте маңызды саяси мәселе, түптеп келгенде халықтың тұрмысын жақсартуға да ықпал етеді. Барлық жерде тұрақтылық пен теңдік болуы шарт. Мәселен, саясатта да ер-азаматтар саны басым болса, жақсы өмірді күтпеңіздер. Егер парламентте әйелдер саны 30 пайыз болса, бұл – қоғамның жақсы жаққа өзгеруінің алғышарты. Мысалға, Норвегия, Скандинавия сияқты дамыған елдерді алайық. Бұл мемлекеттерде ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 45 мың долларды құрайды. Аталмыш елдердің экономикасы дамыған, халқы әлеуметтік тұрғыда қорғалған, гендерлік саясат та бірінші орында. Халық та, билік те табиғат қалай жаратты, солай болуы қажеттігін, барлық жерде тепе-теңдіктің сақталуы керектігін түсінген. Әйел мен еркек – бір бүтін. Бірі бірінсіз өмір сүре алмайды, өйткені екеуі біріккенде ғана үйлесім табады.
– Қалай дегенде, әйел заты әлеуметтік тұрғыда әлеуметтік қорғауды қажет етеді. Әсіресе, жүктілік пен босану кезінде. Былтыр «Әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға енгізілген, жоғары жалақы алатын әйелдерге тікелей әсер еткен өзгерістерге бірден қолдау білдірдіңіздер. Алайда заңда жалақының қалған бөлігі үшін «декреттік төлемақыны қызмет беруші төлесін» деп міндеттейтін бап жоқ. Әйелдердің құқығын қорғау үшін осындай бап енгізу болмай ма?
– Неге болмасын? Дәл қазіргі шақта Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде осы мәселе талқыланып жатыр. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
– Қазіргі кезде бала туылғанда берілетін жәрдемақының көлемі тіптен күлкілі. Ал өзге елдердегідей «ана капиталын» енгізуге не кедергі?
– Расында Қазақстанда бірінші-екінші бала туылғанда берілетін жәрдемақы 30 айлық есептік көрсеткіштен басталады. Яғни, 50 мыңның айналасында. Қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді. Дегенмен, қазіргі кезде отбасы қатары толыққанда қолдау көрсету механизмдері сәбидің өмірге келуімен қатар шығатын шығындармен сәйкес келмейді. Мәселен, Сингапурда 2013 жылы біржолғы жәрдемақы 4900 доллларды құраса, ал Беларусияда бұл көрсеткіш 1000-нан 1500 доллар аралығында құбылып тұрады. Ал көрші Ресейде жәрдемақы сомасы 3000 долллардан басталса, Украинада бірінші балаға 3500 беріледі. Бұның барлығы бала тууына, демографияға әсер ететіні түсінікті. Алайда ана капиталы халық санын өсірудің жалғыз өлшемі бола алмайды. Себебі «ана капиталы» бағдарламасы бірнеше өзекті мәселелерді шешілуімен жүзеге асырылады. Олардың ішіндегі ең бастысы инфрақұрылымды дамыту – балабақша, емханаларды салу, әйелдерді жұмыспен қамту, оларды әлеуметтік тұрғыда қорғау, осылайша жалғаса береді. Сондықтан да кешенді мәселелер шешілгенде ғана, әйелдер үшін осындай әлеуметтік көмекті қолданған орынды болады.
– Сұхбатымыздың соңында қазақстандық қыз-келіншектерге мереке күні не айтар едіңіз?
– Қазақстандық бүкіл қыз-келіншектерді келе жатқан төл мерекелерімен құттықтаймын. Отбасыларына береке, бастарына амандық, істеріге сәттілік тілемін. Өмір өзара сыйластықпен, сеніммен, түсіністікпен мәнді. Ендеше, әр отбасынан береке-бірлік, шаңырақтан шаттық, қыз-келіншектердің жүзінен күлкі кетпесін. Әрқашан көктемдей құлпырып жүре беріңіздер!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Үмітжан ЖАПАР