МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРІ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ӨТЕТІН САЙЛАУДЫ ҚОЛДАЙДЫ

Достық үйінде ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын өтетін сайлауына қатысты дөңгелек үстел өтті. Жиын ұйымдастырушысы–Маңғыстау облысының іскер әйелдер ассоциациясы. Іс–шараға Маңғыстау облысының белсенді әйелдері, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, этномәдени бірлестік төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді Маңғыстау облысының іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Сәуле Жақаева ашты. «Қазір еліміздің барлық өңірінде мерзімінен бұрын өтетін сайлауға қатысты жиын, форумдар көп өтуде. Мұндай тағылымды жиынды Маңғыстау облысының іскер әйелдер ассоциациясы да өткізуде. Қазір барлықтарыңызға белгілі әлемнің көптеген елдерінде экономикалық дағдарыстар орын алуда. Осындай күрделі кезеңде қазақстандықтар да жұмылған жұдырықтай бірігіп, Елбасының жоспарымен жүріп отыруы шарт. Сайлау бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан біз әрбір маңғыстаулықты сайлауға белсенді қатысуға шақырамыз. Елінің елеулілерін халқы таңдасын», деді ол.

Мерзімінен бұрын өтетін сайлауды Маңғыстау облысының іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі, журналист Ағлен Таласбаева да қолдайтынын жеткізді. «Әйел үйдің берекесі. Ол әрдайым отбасы мен елінің қамын ойлап жүреді. Былтыр іскер әйелдер қауымдастығы 20 жылдығын атап өтті. Менің ойымша, қазақстанның әйелдері барлық қиындықтарды еңсеретін рухы биік, бірлігі мығым жандар. Алда келе жатқан сайлауға да баршамыз бірауыздан жұмылып атсалысуымыз керек», деді А.Таласбаева.

Жиын аясында өз көзқарасын Маңғыстау облысының іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі, кәсіпкер Ирина Беляева да білдірді. «Мәжіліс депутаттарының сайлауы қаржыны үнемдеу жағынан оң шешім деп білемін. Біз әрбір қазақстандықты сайлауға белсенді қатысуға шақыруымыз керек. Сайлауға қатысу арқылы әр адам өзінің елге деген қамқорлығын білдіреді», деді И.Беляева.

Іс–шара барысында Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Джайлханова іскер әйелдер ассоциациясының жұмысының маңыздылығына тоқталды. «Менің ойымша осындай жиындарды жиі өткізіп тұрсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, сіздер арқылы біздің жастар көп нәрсені біліп өседі. Барша қазақстандықтардың ортақ мақсаты ол қазақ жеріндегі бірлік пен татулық. Сондықтан, әрі қарай жұмыстарыңыздың жалғаса беруін тілеймін», деді ол.

Дөңгелек үстелде өзінің сайлауға қатысты ойын, «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің төрайымы Ф.Биркле, кәсіпкерлер Ұ.Ахметова мен Ақыл Исембаева мен «Қазақстан кәрістері» Ассоциациясының Ақтау қалалық филиалының төрайымы Р.Маденова–Хван да білдірді.

Жиын соңында қатысушылар маңғыстаулықтарға үндеу қабылдады.

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

aktau-dostyk.kz

© Copyright Ассоциация деловых женщин Казахстана
Яндекс.Метрика