Статья: «Жұмыссыз әйелдерді оқыту»

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы мен «Шеврон» компаниясының бірлесе жүзеге асырған «Жұмыссыз әйелдерді оқыту» жобасының 5 жылдық нәтижелері қорытылып, бұқараға жарияланды. Бұл жоба «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының мақсат-міндеттеріне сай іске асқан. Оған сәйкес 2009 жылдан бері 3000 әйел қайта оқудан өтіп, оның 10 пайызы жеке кәсіп ашса, 70 пайызы жұмысқа орналастырылған.

Президент кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова бұл жобаның маңызына тоқтала келе:

- «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Аз да болса да, еңбекпен табылған нан тәтті болады» деп тағы да баса айтып өтті. Президенттің қай сөзін алмасаңыз да, еңбек туралы көп айтатынын бәріміз білеміз. Біздің мақсат-міндетіміз – адамның еңбектенуі үшін бар жағдай жасау. Сондықтан қауымдастықтың әйелдерді жұмысқа тартып, қайта оқытып, жаңа мамандарды игертіп отырғаны – өте үлкен іс деп ойлаймын» деп, мәлімдеді.

Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаеваның айтуынша, жұмыссыз әйелдер Астана және Алматы қалалары бойынша қоғам тарапынан жоғары сұранысқа ие кәсіптерге оқытылып, жұмысқа тартылған. Бұл қалаларда тігінші, бала күтуші, есепші, шаштараз, аспазшы, саникюр мен педикюр маманы сияқты кәсіп түрлеріне сұраныс жоғары көрінеді. Өз кезегінде Раушан Сәрсенбаевна: «Қазақстан әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесі өте өзекті. Сондықтан біздің жұмыспен қамтуға арналған жобамыз 5 жылдан бері нәтижелі жұмыс істеп келеді, - дей келе: - бұл орайда біз Астана мен Алматы қалалары бойынша қандай мамандықтарға сұраныс барын анықтап, қажетті салалар бойынша әйелдерді қайта оқытып, жұмысқа орналастыруға атсалыстық. Біздің сабақтарымыздың басты ерекшелігі – теорияның аздығы мен іс тәжірибенің көптігінде боп тұр. Бұл нәтижеге тезірек қол жеткізу үшін жасалды» деп ойын түйіндеді.

«Шеврон» компаниясының Үкіметпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Динара Шәкіртбекова; «Біз үшін бұл жоба – өте маңызды. Себебі біздің компания әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне қашанда ерекше мән береді. Сондықтан біз қайта оқытудан өтіп жатқан әрбір әйелдің артында бала-шағасы, отбасы және еліміздің гүлдеп-өркендеуі тұрғанын жақсы түсінеміз. Біз жинақталған тәжірибе, нәтижелермен де мақтана аламыз» деп, сөзін қайырды.

Кәмшат Тасболат


Возврат к списку

© Copyright Ассоциация деловых женщин Казахстана
Яндекс.Метрика