Қоғам ұйытқысы — қазақ әйелі

sarsembaeva 640x962Қазақ әйелдерінің қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға атсалысуы таңсық емес. Еліміздің даму болашағына өзіндік үлесін қосуда нәзік жандылардың орны айрықша. Гендерлік саясат мәселесі БҰҰ-ның дүниежүзі бойынша күн тәртібіне қойылған басты мәселелерінің бірі. Қазақстандағы гендерлік теңдіктің даму дәрежесі мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі мемлекеттік бағдарламалар төңірегінде Қазақстан Іскер әйелдерінің қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаевамен сұхбаттасқан едік.

– Гендерлік саясат – қазіргі таңда әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстандағы гендерлік теңдік қандай дәрежеде дамып келеді?

– Қазақстанда соңғы он жылдықта әйелдер мен ер адамдардың қоғамда құқығы мен мүмкіндіктерінің тең болуы үшін жасалған шаралар легі артып келеді. Құқықтық және институттық негіздердің жеткілікті болуы осының дәлелі, сондай-ақ еліміздегі гендерлік теңдікті жетілдірудің статистикалық мәліметтері мен көрсеткіштері анғұрлым жақсы. Қазіргі таңда Қазақстан адам құқықтары бойынша 60 халықаралық келісімшартқа қол қойған. «Ерлер мен әйелдердің теңдей құқығы мен бірдей мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» және басқа да заңдар қабылданды. ҚР Президенті жанындағы Іскер әйелдер мен отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының қатысуымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының бірлесуі арқасында Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы жасалды.

Қоғамда әйелдердің саясаттағы мүмкіндігі артып келеді. Парламент Мәжілісінің сайлау қорытындысы бойынша әйел депутаттардың осы палатадағы үлесі 27,1 пайыз. Ал Сенаттағы әйелдердің үлесі 20,8 пайызды құрады.

Мемлекеттік сектордағы әйел қызметкерлердің саны – 56,6 пайыз, олардың 29 пайызы – басшылық қызметтерде.

Десек те, бұл саладағы жақсы көрсеткіштермен қатар «гендерлік вертикаль» мәселесі де бар. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметтегі және ұжымдық секторда жауапты қызметте отырған әйелдер орташа және төмен деңгейлі қызметтерде жұмыс істейді, сәйкесінше шешім қабылдайтын жоғары лауазымды әйелдер қатары некен-саяқ. Экономикалық қауымдастық және даму ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, 13,3 пайыз әйелдер министрлер қатарында, ал 9,8 пайызы ірі корпорациялардың басшылық қызметінде істейді. Ең бастысы, Қазақстандағы әйелдердің білім деңгейі мен біліктілігі жоғары екенін айта кеткен жөн. Мәселен, магистратурада оқитын әйелдердің саны 64 пайызды құрап отыр, ал докторлық дәрежені қорғау үшін оқитын қыздарымыздың үлесі – 58 пайыз. Еліміздегі әйел адамдардың 99,3 пайызы орта және жоғары білім алған. Осы мәліметті біле тұра, әйел адамдардың лауазымды қызметке көтерілуіне әлі де шектеулер бар.

Еліміздегі аналардың көпшілігі айлық еңбекақысы төмен жұмыстарда істейді, нақтырақ айтсақ, білім және денсаулық сақтау саласы, сонымен қатар тамақтану, қаржы және сақтандыру секторында қызмет етеді.

Дегенмен экономикалық сферада әйелдер жұмыссыздығы азайып келеді. Әйелдердің кәсіпкерлікті дамытуы өз алдына, отандық кәсіптің 50 пайызы әйелдердің қолында, 10 жыл бұрын көрсеткіш 38 пайыз болатын. Шағын және орта кәсіпкерлікті басқаратын әйелдердің үлесі – 42 пайыз, олар 30 пайыздай жұмыс орнын ашып отыр. Сонымен қатар, экономиканың ірі салалары – көмір, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласында да әйелдердің үлесі аз емес.

Еліміздегі жұмысшылардың 67 пайызы – нәзік жандылар. Олардың көпшілігінің отбасы бар, өз басының шаруасы көп болғандықтан, еңбек етуге жайлы жағдай мен тиісті әлеуметтік жәрдемақыны талап ете алмайды.

Қазақстанда гендерлік саясатты жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары бірлесе жұмыс жасау керек, үкіметтік емес ұйымдар, әсіресе әйел құқықтары жөніндегі ҮЕҰ белсене араласуы керек. Әйелдер істері жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар әйелдерге әлеуметтік салада көмек көрсетеді, кәсіпкерлікті дамытуға көмек қолын созды, әйелдердің көшбасшылығын арттырып, отбасы құндылықтарын арттыру мен гендерлік білімін жоғарылату, халықтың өсіп-өну денсаулығын сақтау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты азайтуда бірқатар шаралар атқарды. Мысалы, әйелдердің шешім қабылдаушы лауазым деңгейіне жету үшін 64 ҮЕҰ-дары енген Әйел көшбасшылығы мектебі ашылды. Барлық аймақтарда «Саясаткер әйел клубы» ашылды, ол өз кезегінде қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуде әйел көшбасшылығын дамытуға жәрдем береді.

— Елбасы Н.Назарбаев отбасылық құндылықтарды насихаттауды Жолдауда атап өтті. Осы тұрғыда қандай жұмыстар жүргізілуде? Іскер әйелдер қауымдастығының жобаларына тоқтала өтсеңіз.

– 1996 жылдан бастап Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеді: «Әйел және кәсіпкерлік», «Әйел және жұмыспен қамту», «Әйел және саясат», «Әйел және денсаулық пен отбасы», «Гендер және даму». Олардың ішінде «Әйел және денсаулық, отбасы» бағыты бойынша түрлі жобалар жүзеге асты. Осы іс барысында ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі мен отбасы-демографиялық саясаты жөніндегі Ұлттық комиссиямен тығыз байланыста. 2001 жылдан бастап біздің ұйым «Жедел желі – қызыл алма» жобасын жүзеге асырды. Шалғай аймақтардағы жұртшылық отбасын құру, жүктілік, түрлі инфекциялар бойынша қоңырау шалып, мамандардың кеңесіне жүгіне алады. 2005 жылдан бастап барлық облыстарда «Қарлығаш – аналар шылымға қарсы» жобасы жасалды. Қазақстан аналары дені сау ұлт қалыптастыру үшін күш біріктірді. 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Ана мен бала» атындағы 20 аллея ашылып, перзентханалардың ауласына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, отбасы және отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатындағы ғылыми-конференциялар өткіземіз. Биыл мамырда осы бағыттағы «Қазақстанның заманауи даму сатысындағы отбасы және отбасы құндылықтары» атты кезекті конференциясы Алматы қаласында өтті.

Жобаның негізгі мақсаты – қазақстандық отбасын берік ету, ал қазақ халқының әдемі отбасылық дәстүрлерін жаңғырту. Менің ойымша, отбасы мен отбасылық қарым-қатынастың рөлін көтеру мемлекет деңгейінде ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамда белсенді жүргізілуі тиіс.

– Әйел адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуы туралы жобаларыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Жиырма жыл ішінде қауымдастық «Әйел және кәсіпкерлік» бағытындағы көптеген әлеуметтік-маңызды жобаларды жүзеге асырды. Бұл жоба негізінде әйелдер өз кәсіпкерлігін ашу үшін арнайы блім алады. 2012 жылы Астанада Кәсіпкерлікке үйрету орталығы пилотты режимде ашылды. 2009-2012 жылдар аралығында 2500 әйел оқытылып, 80 пайызға жуығы жұмысқа тұрды, қалған 10 пайызы өз кәсібін ашты.

2014 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе «Әлеуметтік еңбек саласындағы әйелдерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары» жобасы әйелдердің осы саладағы өз құқықтарын білу және «Жол картасы-2020» бағдарламасына қатысу туралы мәліметтер берілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама, жұмысқа орналасу, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынас бойынша жедел желі арқылы ақпарат алуға болады. Осы жедел желі арқылы 70 мыңға жуық әйел мәлімет алып, кеңес тыңдады.

2015 жылы «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті енді бастаған және осы саладағы әйелдерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жобаның мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру. 2015 жылы осы жоба негізінде 700 адам оқытылды, 53 кәсіпкер шеберлік сабағын өткізді, 76 маман өз үздік тәжірибесімен бөлісті.

Жыл сайын Іскер әйелдер форумы ұйымдастырылады. 2016 жылы мұндай форумдар Атырау, Қостанай және басқа да облыстарда өткізілді. 2017 жылы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы Әйелдер және отбасы-демографиялық істер жөніндегі ұлттық комиссиясының бастамасымен «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» көрмесі аясында «Әйелдер болашақтың энергиясын жасаудағы тұрақты даму жолында» атты халықаралық форум ұйымдастырылмақ. Бұл форумда балама энергия көздері мен жасыл экономикадағы инновациялық идеяларды жүзеге асыруда әйелдердің тиімді серіктестігін қалыптастыру сөз етілмек. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, ресурсты үнемдейтін технология, энергияның жаңа көздерін пайдалану, сондай-ақ жасыл экономика принциптерін тұрақты инфрақұрылымды дамытуда қолдану арқылы жаңа жұмыс көздерін ашып, экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастырады.

Қазіргі таңда дүниежүзінде әйелдер энергетиканың балама көздері мен жасыл экономиканы қолдануда жаңа технология мен жүйелерді ұсынуда. Форум жұмысы барысында әлемнің 75 елінен 1000 делагат қатысады, олар – өнертапқыштар, халықаралық әйелдер қозғалысының көшбасшылары мен сарапшылар, мемлекеттік құрылым өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері болады. Негізгі бөлімі ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған инновациялық технологияларға арналады.

– Қоғамда әйел адамдар мен балалардың зорлық-зомбылық көруінің жиі орын алуы туралы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова атап айтқан болатын. Турасын айтайықшы, Қазақстанда зорлық-зомбылықтың орын алу көрсеткіші қандай?

-Гендерлік теңдікті жүзеге асыруда жағымды жаңалықтар болғанмен, іс жүзінде әлі де кедергілер көп. Біріншісі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық. «БҰҰ әйелдер» мәліметтері бойынша Қазақстанда жыл сайын 500 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Аса ауыр зорлық-зомбылықтың 30-40 пайызы отбасында орын алады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан халықтың хабардар болу деңгейі» зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, отбасындағы кең тараған зорлық – моральды-психологиялық тұрғыда. Екінші орында – физикалық зақымдау, үшінші орында – экономикалық, ал төртінші орында – сексуалдық зорлық-зомбылық орын алады.

Екінші мәселе – еріксіз неке, оның түп-тамыры психологиялық жетілмеуде, жасөспірімдердің әсіресе өрімдей жас қыздардың әлеуметтік қорғансыздығында жатыр. Соңғы кездері әйелдерге қатысты тағы бір зорлық қосылды. Ол – қыз алып қашу. Кәмелетке толмаған қыздарды қалыңдық қылып, алып қашу – еріксіз некенің бір түрі. Ресми статистика бойынша, 2011 мен 2012 жылдар аралығында кәмелетке толмағандар арасында 31 мың неке құрылған, яғни жылына 3 мың некеден келеді.

Осы бағытта бірқатар нақты қадамдарға қол жеткіздік. Тұрмыстық қылмыс жыл сайын 10 пайызға төмендеп келеді, 2005 жылы 1,6 мың қылмыс тіркелсе, 2013 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есеге кеміп, 684 қылмысты құрады. Барлық облыс орталықтарында 28 жасқа дейінгі әйелдерге арналған зорлық-зомбылыққа қарсы Дағдарыс орталықтары ашылды. Ұлттық комиссия мен ҮЕҰ бірлесуімен тұрмыстық зорлыққа тап болған жандардың дағдарыс орталықтарын қаржыландыру бойынша қазіргі заңнамаға өзгеріс енгізу туралы Парламентке ұсыныстар жолданды.

Әлеуметтік жағымсыз жайттардың орын алу себебі – қоғамдағы гендерлік стереотиптің болуы, ерлердің билігі мен бәрін бақылауда ұстауға ұмтылуы, сондай-ақ қоғамды гендерлік ақпараттандыру деңгейінің жеткіліксіздігі. Осыған орай, гендерлік мәдениет пен гендерлік қоғамдық сананың қалыптасуы үшін ең алдымен ақпараттандыру жұмыстары мен ақпараттық бағдарламадан бастау керек. Әсіресе ауылды елдімекендерден бастау керек. Бұл мақсатта бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі маңызды. Бүгінде 250 ҮЕҰ гендерлік теңдік мәселесімен айналысады. 2015 жылы осы мәселелерді жүзеге асыру үшін жүзден астам БАҚ жұмылдырылды. Жыл сайын Мәдениет және спорт министрлігі, ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдар қоғамдағы әйелдердің имиджі бойынша республикалық байқаулар өткізеді.

– Жалпы отбасы мен отбасылық құндылықтар қандай принциптерге негізделеді?

— Отбасы – кез келген халықтың тамыры, қоғамның ұйытқысы. Бала туу мен тәрбиелеу сияқты маңызды әлеуметтік қызмет атқарады. Отбасы – жеке тұлғаның қалыптасуына ұйытқы болады, мұнда Отанға деген сүйіспеншілік, еңбексүйгіштік, үлкенге құрмет пен басқа да адами құндылықтар дәріптеледі.

– Ұлттық тәрбиемізде, қазақ салт-дәстүрінде жесір мен жетімін жылатпаған. Халқымыздың даналығындағы әйел заты туралы ой-толғамдар да ерекше.

– Халқымызда «Алып анадан туады» деген нақыл бар. Бұл бүтін бір халықтың ананы құрметтейтінін білдіреді. «Әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы. Еркек көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» деп те айтады. Хандар, батырлар, жыраулар мен шешендер, мәдениет және спорт қайраткерлері де анадан туды, анасы тәрбиеледі. Сондықтан бала тәрбиелеуде ананың рөлі маңызды. Ғасырлар бойы қазақ әйелдері келер ұрпаққа бабалар даналығын жеткізіп отырды, адами қасиеттер мен адамгершілік ұғымын бойына сіңірді. Отанға деген махаббат, үлкенге құрмет, кішіге ізетті үйретті. Олар отбасының ұйытқысы бола білді, инабаттылық символына айналды. Қоғамда аналар ерекше сый құрметке ие болғанына қазақ нақылдары дәлел. Ақсақалдар «Қызды сыйлаңдар, қыздың жолы – жіңішке» дейді. Бұл әйел затының – ұрпақ жалғасы, оның тәрбиесі мен келешегінің бастауы екенін білдірсе керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

turkystan.kz


Автор:  Ақниет Оспанбай

Возврат к списку

© Copyright Ассоциация деловых женщин Казахстана
Яндекс.Метрика